Ғалымдар киелі нысандар тізбесіне кіруге тиіс объектілер туралы өз көзқарастарын білдірді
Көкшетау қаласында М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Қазақстанның рухани құндылықтары» жобасының шеңберінде Ақмола облысының киелі жерлері энциклопедиясының материалдарын дайындау жөнінде дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Дөңгелек үстелдің талқылау тақырыбы – киелі жерлердің бірінші энциклопедиясын шығару. Оған Астана және Алматы қалаларымен қатар Ақмола облысы да кірді. Жоспар бойынша энциклопедияға Ақмола облысы жеріндегі киелі ескерткіштер енгізіледі.
М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қоғамдық қайраткерлердің, аудандар мен қала әкімдері орынбасарларының, АМҮ директорларының, ОКЖ директорларының, музейлер мен өлкетанушылардың қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Сондай-ақ, дөңгелек үстел жұмысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Васильевна Кошман қатысып, баяндама жасады. Сонымен қатар облыс музейлерінің қызметкерлері сөз сөйлейді.
Ақмола облысының 10 объектісі, Ерейментау ауданындағы «Құмай» этнопаркі және Олжабай батыр қорғаны, Бурабай ауданындағы «Абылай хан алаңы», «Кенесары үңгірі» және «Оқжетпес» тауы, Қорғалжын ауданындағы Батығай кесенесі және Беспақыр мазары, Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр некрополь-кесенесі, сондай-ақ Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет есімімен байланысты нысандар кешені «Қазақстанның киелі ескерткіштері» Республикалық тізіміне енгізілген.
Ғалымдар Ақмола облысы аумағында орналасқан Республикалық киелі нысандар тізбесіне кіруге тиіс объектілер туралы өз көзқарастарын білдірді. Ұсынылған жобалар «Қазақстанның киелі географиясы» картасында лайықты орын тапты.