Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде дәрігерлік амбулатория ашылды
Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мақсатында денсаулық сақтау саласының объектілерін салу бойынша жобалар іске асырылуда. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Целиноград ауданы Софиевка ауылында дәрігерлік амбулаторияның ашылуы өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Аудан әкімдігінде атап өткендей, амбулатория бір ауысымда 50 келушіге есептелген. Медициналық мекемеде 4-8 төсектік күндізгі стационар қарастырылған. Бір қабатты ғимаратта тіркеу бөлімі, емшара бөлмесі, егу бөлмесі, фильтр кабинеті, дәрігер қабылдау кабинеті, балалар кабинеті, қарау бөлмесі орналасқан. Мұнда 1 дәрігер, 2 орта медициналық қызметкер, акушер және тіркеуші жұмыс істейді.
Медицина қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарды айтулы оқиғамен аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова құттықтады.
"Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында ауданымызда әлеуметтік маңызы бар тағы бір нысан ашылды. Дәрігерлік амбулаторияның ашылуы көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге, кезектілікті азайтуға және сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Сіздерді келе жатқан мерекемен құттықтаймын, зор денсаулық пен амандық тілеймін. Еліміз жыл сайын дамып, өркендей берсін", - деді аймақ басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, ауданда Қараөткел ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория мен Қоянды ауылында МСАК орталығының құрылысы жалғасуда.
Айта кетейік, Ақмола облысында 562 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді: стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 531 ұйым, оның ішінде 377 медициналық пункт, 47 ФАП, 100 дәрігерлік амбулатория, 6 емхана, 1 МСАК орталығы және басқа да ұйымдар.