Ақмола облысында «Отбасы күнін» тойлау басталып кетті
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында отбасы күніне орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ана үйі» қоғамдық қоры бірлесіп іс-шара өткізді, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бастап әр қыркүйектің екінші жексенбісінде отбасы күнін мерекелеу бекітілген. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің қоғамда отбасы әрқашанда әртүрлі ұрпақтар арасындағы байланыстырушы, рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушы болып қалады. Отанға деген махаббат отбасыңа деген махаббаттан басталады. Шаңырақта алған тәрбие – бұл халқымыздың мықты әрі берік болуының кепілі.
Іс-шараның ашылуында ішкі саясат басқармасының қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Серік Садвакасов пен «Ана үйі» қоғамдық қорының өкілі Сергей Комаров сөз сөйледі.
Ары қарай қаламыздың «Мерейлі отбасылары» Внежневскийлар, Жұмабековтар, Евтушенколар, Нургазиндар, Давыдовтар және Кульмановтар отбасыларын ішкі саясат басқармасының алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапаттады.
Мерекелік шараның жұлдыздары балалар шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері Нұрдәулет Жанаев, Алихан Жанатұлы және Мирас Бақыт болды. Олар ән айтып, келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастады.