Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Судьяларға кандидаттарды іріктеу механизмін жетілдіру

Судьяларға кандидаттарды іріктеу механизмін жетілдіру

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Ал жоғары білікті сот корпусы сот төрелігіне қолжетімділікті жетілдірудің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

Бес институционалдық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам Ұлт жоспарында Елбасы Н.Назарбаев басымдықтар ретінде судья лауазымдарына біліктілік талаптарды күшейтуді және үміткерлерді қатаң іріктеуді атап өткен болатын.

Аталған ауқымды құжатты жүзеге асыру мақсатында судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары қарастырылды. Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа Заң қабылданып, «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға қажетті өзгерістер енгізілді.

Осыған байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Нәтижесінде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабымен аудандық сот судьясына қойылатын талаптар алты өлшем бойынша анықталды, осылайша аудандық соттың судьясы болып:

1) отыз жасқа толған;

2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар;

3) біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады);

4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған;

5) негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама нәтижесі бойынша сот жалпы отырысының оң қорытындысын алған (мамандандырылған магистратурада оқу бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады);

6) полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

Салыстыру үшін, бұған дейін аудандық соттың судьясы болып:
1) жиырма бес жасқа толған;

2) жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;

3) біліктілік емтиханын, оның ішінде мамандандырылған магистратурада тапсырған;
4) медициналық куәландырудан өткен;

5) сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн болатын.

Егер бұрын судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келетін кез келген Қазақстан Республикасының азаматына біліктілік емтиханын тапсырып, 3 айдан 1 жылға дейінгі аралықта өндірісті тоқтатпай-ақ тағылымдамадан өтіп тиісті облыстық соты жалпы отырысының қорытындысын алу жеткілікті болатын.

Бүгінгі күні, жаңа талаптарға сай судьялыққа кандидаттарды іріктеудің тетіктері күшейтіліп, судья лауазымына үміткер атану үшін бір неше кезеңнен тұратын жан-жақты сынақтан өту қарасытырлған.

Бұл ретте, үміткердің білімі мен оны дұрыс қолдану мүмкіндігін тексерумен ғана шектелмей, оның стресстік жағдайларға қарсы иммунитетін және адамдармен жұмыс істеу қабілетін айқындауға көмектесетін психологиялық тестілеу кезеңінен өткізу жолға қойылды.

Сондай-ақ, кандидаттың эссе жазуы міндетті кезеңдердің бірі болып табылады, бұның мақсаты үміткердің өз бетінше шығармашылық ойлауы мен ойларын жазбаша мазмұндау сияқты дағдыларын анықтау.

Келесі кезең, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде заңнаманы білуіне тестілеуден өту.

Тестіні табысты тапсырған тұлғалар жағдаяттық тапсырмаларды (кейсовые задачи) шешу кезеңіне өтеді. Бұл автордың өз ойын анық және сауатты тұжырымдауын, негізгі ұғымдарды дұрыс қолдана отырып, себеп-салдар байланысын анықтап, өз қорытындыларын дәлелдей білуін айқындауға мүмкіндік береді.

Кезеңнің тағы бір түрі ол кандидаттармен әлеуметтік-писхологиялық өзара әрекеттестікке негізделеген сұхбаттасу жүргізу.

Судьялыққа үміткер ретінде біліктілік емтихан тапсырудың соңғы кезеңі болашақ судьяның адалдығы мен әділдігін тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өтуі керек.

Осылайша, біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі күрделеніп, келесі кезеңдерден тұратын болды:

психологиялық тестілеу;

эссе жазу;

заңнаманы білуіне тестілеу;

жағдаяттық тапсырмалар;

сұхбат;

полиграфологиялық зерттеу.

Осы аталған кезеңдерден табысты өткен тұлғалар ғана, судьялыққа кандидат болып саналады және жергілікті соттарда жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру мақсатында тұрғылықты жері бойынша талығымдамадан өтуге жіберіледі.

Олардың тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ережеде белгіленген.

Тағылымдамадан өту мерзімі 1 жыл, ол негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады. Тағылымдамашы-кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпте негізгі жұмыс орнынан жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі. Сондай-ақ, тағылымдамадан өту кезеңінде оған 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70%-ы мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.

Тағылымдаманың басты мақсаты кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау болып табылады.

Түйіндей келе, сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие, ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары сот реформасының маңызды қыры болып табылады.

Бәрінен бұрын, судьяларды іріктеу мен тағайындау барысындағы жаңартылған үдерістер қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады.

Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Каримова Гүлжаухар,

Ақмола облысы бойынша Соттар әкімшісінің

песроналды басқару бөлімінің басшысы

10:08
994
Нет комментариев. Ваш будет первым!