Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі

​Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі

Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 22 жылдығын атап өткелі отырмыз.

Дүбірге толы дүние екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелді. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тыңнан түрен салып, демократиялық даму жолына түстік. Бұл жылдардың еліміз үшін жемісті де жеңісті болғаны ақиқат. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінгі әлемдік кеңістікпен үндестік тауып, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында көптеген тамаша табыстарға қол жеткізіп отыр. Ең бастысы, біз мемлекеттігімізді орнықтыру мен қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын айқындап берген өз Ата Заңымызды – Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдадық.

«Жеті жарғыдан» бастау алған заң ережесі

Қазақ тарихында әу бастан-ақ дала өркениетіне сай белгіленген заң ережелері болған. Соның ұшар басында «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» тұр. Осы ережелер мен заңдардың негізінде би-қазылар кез-келген дау-дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесікті шешіммен реттеп отырған. Көне ғасырдан қалған осы заңдар бүгінгі демократиялық принциптегі Конституциямыздың негізі болып табылады.

Қазақстанның бүкіл тарихында бес рет қабылданған Конституция ұлттық автономиядан бастап, мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендікке дейінгі аралықты өтуінің өзі әрбір адамның жеке құқығына берілген еркіндік деп сезінген ел жаңа Конституцияны қанағаттанғандық сезіммен қабылдағаны да жадымызда. Осыған орай жаңа Конституцияға адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп, 30-баптан тұратын «Адам және азамат» атты жаңа бөлім қосылғанын, содан Конституциямызда қай салада да халықаралық нормаларға сай келетін ережелер белгіленгенін ризашылық сезіммен айта кеткіміз келеді.

Расында да осы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған, бүгінге дейін ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Конституцияны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз деп бағаласақ, артық айтқандығымыз емес. Бұл алдыңғы қабылданған Конституциядағы кемшіліктер толықтырылып, заман талабына сай өзгертіліп қабылданды.

Біріншіден, Конституцияның екінші бабы айқын белгілеп бергендей, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып танылды. Яки, Қазақстан президенттік республика болып жарияланып, президенттік басқару жүйесі нақтыланды. Бұл дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды. Өйткені, тап сол тұста қоғамды саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін күшті әрі топтасқан билік жүйесі аса қажет еді.

Екіншіден жаңа Конституция бойынша мемлекеттік біртұтас билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі боп үш тармаққа бөлінді. Ата Заңымыз Конституцияны іске асырудың құқықтық кепілдіктерін нығайтты. Елімізде қарқынды түрде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне бой ұрған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты.

Халықтың сотқа деген сенімі артып келеді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап республикамыздың сот жүйесін жетілдіру ісін ерекше назарға алып, сот реформасын кезең-кезеңімен ілгері жылжытуда тұрақты қамқорлық көрсетіп келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы республика судьяларының 7 съезінде: «Егер бұдан бұрын соттар құқық қорғау жүйесінің бөлігі және жазалаушы саясаттың құралы болса, қазіргі уақытта сот – бұл басты құқық қорғаушы институт бола бастады. 25 жылда сот билігі «аяғынан тұрды» және реформалар барысында ең үздік шетел тәжірибесі мен әлемдік стандарттарды игеріп, сапалы жаңа келбетке ие болды» - деді. Сондай-ақ Президент: «Өткен кезеңде сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында сот жұмысының негізі – жаңа құқықтық база қалыптастырылды, қажетті ұйымдастыру шаралары жүргізілді. Ол заманға сай технологиялардың арқасында шешімін тауып отыр – бүгін бізде көптеген дамыған елдерге ұқсас электрондық сот өндірісі бар. Енді азаматтар үйінен шықпастан сотқа жүгіне алады. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін болмаған» - деп сот жүйесінің дамып жатқандығын да атап өтті.

Биліктің бір тармағы саналатын сот саласында да елеулі өзгерістердің болғанын білеміз. Судья қызметіне тағайындау ашық және конкурстық негізде жүргізілуде және оларға қойылатын талап та күшейтілді. Қазіргі таңда аудандық соттың судьясы қызметіне конкурсқа қатысу үшін келесідей талап қойылған: жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар азаматтар ғана қабылданады.

Сот реформасының айшықтанып, айқындалуы – соттардың мамандандырылуы барысында анық байқалады. Бүгінде барлық облыста мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық соттар мен кәмелеттік жасқа толмағандар ісін қарайтын мамандандырылған соттар жұмыс жасауда. Кейінгі уақытта қалалық соттардың өзі екіге бөлініп, оның бірі қылмыстық істерді, екіншісі азаматтық істерді қарайды.

Өркениетке қарыштай қадам бастырған жасампаз да өміршең құжат

Қазақстан мемлекеттілігі мен оның конституциялық эволюциясы үшін айтулы оқиғалар болды: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленді және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау арқылы іске асырылған конституциялық реформа өткізілді.

Осыған байланысты Елбасы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі жариялаған болатын. Президенттің енгізген реформасы екі негізгі бағыт бойынша іске асты. Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілді.Реформалаудың негізінде бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болды. Өкілеттіктерді беру барысында тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, бұл өзгерістер – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде бекітілді.

Қазақстан Республикасы – заманауи конституционализмді сәттілікпен орнықтырудың үлгісі болып табылады. Негізгі Заңның мазмұны әрбір адамның, қоғам мен мемлекеттің өмір сүруінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы мұң-мұқтажына, еліміздің алға ұстаған басты бағытына сәйкес келеді.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі миссиясы, сондай-ақ Астанада өтіп жатқан, жаһандық экономиканың дамуына деген қазіргі көзқарастарды білдіретін және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруға қызмет ететін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрме соның кезекті куәсі болып табылады.

Конституцияның әлеуетін заңнамалық және өзгелей жолмен жүзеге асыру, сондай-ақ негізгі Заңның мәтініне өзгерістер мен толықтыруларды уақтылы енгізу арқылы конституционализм тұғырының мызғымастығы қамтамасыз етілді және оның жаңа жетістіктері іске асырылды, Конституцияның тұрақтылығы мен серпінділігі тиімді түрде үйлесіп, қоғамдық дамудың талаптарын бойына қабылдады. Бұл конституциялық саясат Конституцияның кепілі, Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүйелі түрде, терең ғылыми негізделіп, алдыңғы қатарлы шетелді тәжірибені мейлінше ұқыптылықпен пайдалана отырып және Қазақстан қоғамының барлық сегменттерін конституциялық үдеріске қатыстыра отырып жүргізілді.

Осындай реформалардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістермен сәйкестендіру мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оларға сәйкес:

- судьялыққа кандидаттар үшін жас шектелімі отыз жасқа дейін жоғарлатылды;

- тағылымдамадан және полиграфологиялық зерттеуден өту талаптары жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттарға қолданылмайды;

- бос судья лауазымдарына конкурсқа қатысушылардың барлығы құжаттарын Жоғары Сот Кеңесіне тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің және облыстық сотттардың жалпы отырыстарының қорытындыларын алуға тиіс. Сонымен қатар, егер облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушы өзі судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істейтін немесе тұратын болса, конкурсқа қатысуға жіберілгеннен кейін облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын қайта алуға тиіс емес. Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар да Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алудан босатылады.

- судья лауазымынан өкілді органдардағы мемлекеттік лауазымға сайланған не тағайындалған, сондай-ақ судья лауазымынан сот төрелігін ұйымдық қамтамасыз етуге тікелей байланысты лауазымға тағайындалған адамдарға тағылымдамадан өтпей конкурстық негізде судья лауазымына орналасу құқығы берілген. Бұл түзетулер 2017 жылы14 шілдеде күшіне енді.

Осы және басқа да бағыттағы сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып жатқан барлық игі шаралардың басталуы сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата Заңымыздың арқауында жатыр.
Бүгінде халық қоғамның барлық тыныс-тіршілігі заңмен ғана реттеліп, заң арқылы ғана шешілетінін түсінді. Халықтың құқықтық сауаты жоғарылап келеді.

Ата Заңымыз Конституция тәуелсіздігімізді нығайтып, тұрмысымызды жақсартып, жарқын болашағымызға жағдай жасап, елімізді айдай әлемге танытып отыр. Еліміздің әрбір азаматының парызы мен міндеті - Ата Заңымызда көрсетілген қағидаларды бұзбай, конституциялық құндылықтарды қорғау! Себебі, Ата Заң – қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен ұлттар арасындағы татулықты орнықтырудағы, саяси-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы және дамудың демократиялық жолына батыл түскен Қазақстанның өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз да өміршең құжат.

Мерекеге орай барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтап, елдігіміз, бірлігіміз жараса берсін дегім келеді.

Досжан Әміров,

Ақмола облыстық сотының төрағасы

10:42
1395
Нет комментариев. Ваш будет первым!